Облыс әкімдігінде жол қауіпсіздігі мен суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды

Облыс әкімдігінде жол қауіпсіздігі мен суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды

19 маусымда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Кеңейтілген жиында өңірдегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу шаралары қаралды.

Жиында Маңғыстау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Нұрсейт Оразов ағымдағы жылдың бес айында жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5%-ға төмендегенін хабарлады. Бұл көрсеткіш департамент тарапынан қабылданған ұйымдастырушылық және профилактикалық іс-шаралардың нәтижесі екені атап өтілді.

Осы уақыт аралығында өткізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде 54249 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркеліп, тиісті әкімшілік шаралар қолданылған. 351 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылып, әкімшілік қамаққа алынған.

Нұрсейт Оразов көше-жол желісінде жүргізілген тексеріс барысында қоғамдық көлік аялдамаларының жай-күйі мен жол белгілерінің сапасына назар аудару қажеттігін айтты.

Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі де күн тәртібінде кеңінен қозғалды.

Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаевтың айтуынша, өңірде балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, жүзеге асырылуда. Аталған бағытта мүдделі органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, 2023–2024 оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізілген. Бұл бағдарлама жас ұрпақтың бойында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды қалыптастыруды көздейді.

Облыстағы барлық мектептерде психологиялық қызмет жұмыс істейді. Қазіргі таңда балалардың құқықтарын қорғау бағытында 8 мыңға жуық маман жұмылдырылған. Суицидке әрекет жасаған оқушыларға арнайы алгоритм негізінде көмек көрсетіледі, жалпы тәжірибелік дәрігерлерге жолдамалар беріліп, психологиялық түзету және дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Жиын барысында қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жасауға әзір екендіктерін айтты.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты органдарға жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол белгілері мен жасанды кедергілерді орнату жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ ол суицидтің алдын алу бағытында білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, бұл мәселеде барлық мүдделі мекемелер арасында тиімді үйлестіру тетігін қалыптастыруды міндеттеді.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі