Маңғыстау облысында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл шаралары күшейтілуде

Маңғыстау облысында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл шаралары күшейтілуде

19 маусымда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен мемлекеттік органдардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылын үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында облыс аумағындағы есірткіге қарсы іс-шаралардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Облыстық полиция департаменті ұсынған деректерге сәйкес, биылғы жылдың алғашқы бес айында 196 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелген. Оның 34-і есірткі қылмысы ретінде танылса, 162-сі құқыққа қарсы теріс қылықтар қатарында.

Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының басшысы Жангелді Жаримбетов нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

- Бүгінгі таңда облыс бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 183 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 280 дана есірткі жарнамасына қатысты граффити жазуы анықталып, жойылды, - деді Жангелді Жаримбетов.

Есірткіге қарсы профилактикалық бағытта облыс көлемінде 285 іс-шара өткізілген. Бұл жұмыстар халықтың, әсіресе жастардың арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Отырыста 26 маусым - Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай жоспарланған шаралар да таныстырылды. Мереке қарсаңында өңірде ауқымды ақпараттық-насихаттау акциялары өтеді. Оның ішінде түрлі кездесулер, дәрістер, спорттық сайыстар мен ерекше форматтағы іс-шаралар, соның ішінде Катерлер шеруі ұйымдастырылмақ.

Басқосуда есірткі тасымалы арналары мен контрабанда жолдарын анықтау, есірткі сатуға қатысты интернет-ресурстарды бақылау мен қылмыстық топтарды әшкерелеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.

Сонымен қатар, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Есірткісіз Маңғыстау» ақпараттық турын өткізу, киберволонтерлер пулын дайындау және оның жұмысын жүргізу, қоғамдық рейдтер мен «құпия сатып алушы» науқанын өткізу, кешенді ақпараттық жұмыс (қоғамдық пікір көшбасшылар бейнеленген бильбордтар, жадынамалар тарату, рассылкалар әзірлеу және тарату, онлайн челленджер ұйымдастыру) жүргізу, есірткіге қарсы күрес бағытындағы жастар қозғалысын құру және оның жұмысын ұйымдастыру көзделіп отыр.

Жиын соңында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай есірткімен күрестің алдын алу шараларын тиімді және нақты нәтижеге бағытталған деңгейде жүргізу қажеттігін атап өтіп, өңірдегі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда есірткіге тәуелділікті анықтау мақсатында тестілеу жұмыстарын кезең-кезеңімен ұйымдастыруды тапсырды.

Ақтау қаласы әкімдігінің ббаспасөз қызметі