Ақтау әкімдігінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен көгалдандыру, абаттандыру және жарықтандыру мәселелері бойынша жиын өтті.
Бүгінгі күні Ақтау қаласын көгалдандыру, абаттандыру мен жарықтандыру жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жиында баяндама жасаған "Green City Aktau" ЖШС басшысы Айбек Ербөлеков қаладағы жасыл желектердің статистика көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда жоғарылағанын айтты. «Маңғышлақ эксперименталдық ботаникалық бағы» РМК-нан алынып, егілетін жасыл желектердің ақпаратымен таныстырды.
- Жыл басынан бері қаламызда 2158 түп жапырақты ағаш, 561 түп қылқан жапырақты ағаш егілді. Сонымен қатар 100 000 дана біржылдық шырайгүл, 1276 дана раушан гүлі, 178 түп сәндік бұта, 1077 дана «жасыл шарбақ» бұта отырғызылды. Жыл аяғына дейін тағы 2423 дана жапырақты ағаш, 2089 дана қылқан жапырақты ағаш, 30 000 дана біржылдық гүл, 2324 дана раушан гүлі, 114 дана сәндік бұта мен 18923 дана бұта егілетін болады, деді Айбек Ербөлеков.
Бұдан бөлек мердігер мекеме қала әкіміне суару, химиялық өңдеу және тыңайту, қураған ағаштарды кесу, санитарлық және сәндік кесу бағыттарындағы жұмыстар жөнінде есеп беріп, ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ жиын барысында қала әкімі абаттандыру мен жарықтандыру жұмыстарына жауапты мердігер мекеме өкілдерінің есебін тыңдап, жұмыстарымен танысты. Әр мердігерге жеке тапсырмалар жүктеп, жұмыстарды жүйелі әрі мінсіз атқаруды міндеттеді.
- Әр шағын аудан, әр аумақтағы спорт және балалар алаңына мән беру керек. Балалардың өміріне қауіп төндіретін кедергілерді алып тастау керек. Әлі күнге дейін жаяу жүргінші жолдарында қолайсыздықтар көп. Жаяу аралап жүріп, бақылауға алыңыздар. Жауапкершілік сіздерде! Жұмыстарыңызға қатысты тұрғындардан наразылық көп. Сондықтан, ең басты мәселе – сапаға мән беру керек, деді Әбілқайыр Байпақов.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі тапсырыс беруші бөлімге мердігер мекемемен нақты кесте бойынша жұмыстанып, оларға қатысты бақылауды күшейтуді алға тартты.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.