Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен №3 орталықтандырылған су жинақтау торабы мен 15-шағын аудан арасындағы тозығы жеткен су құбыры желісін толық ауыстыру жұмыстары жалғасуда.
Жалпы жобаның ұзындығы – 11 805 метр. Қазіргі таңда оның 4500 метр су құбыры жаңартылып, монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Таяуда ғана 7 және 8-шағын аудандардағы жолдардың астымен өткен су құбыры жаңартылды. Кептелістің алдын алу мақсатында аталған жол учаскесі уақытша ашылды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң, алдағы аптада бұл жолдар асфальт төсеу үшін қайта жабылатын болады.
- Сонымен қатар, 15-шағын ауданда техникалық және ауыз су желілері жаңартылуда. Құбырлар ауыстыру жұмыстары аяқталған соң шағын аудан ішінде абаттандыру жұмыстары басталады, - деді Ақтау қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Біржан Маратұлы.
Айта кетейік аталған жұмыстар қала тұрғындарын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі