Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Есеновтің төрағалығымен Ақтау қаласы №2 сотының төрағасы Рахымжан Бейсеновтың қатысуымен коммуналдық төлемдегі тұрғындардың берешегі мәселесін талқыланды.
Жиынға коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелер «МАЭК» ЖШС, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы, «QazaqGaz Aimaq» АҚ МОФ өкілдері және т.б. қатысты.
Көтерілген басты мәселе — мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілген пәтерлерде тұрып жатқан азаматтардың коммуналдық төлемдерден жалтаруы. Пәтер жалдау ақысы айына шамамен 10 000 теңге болғанына қарамастан, төленбеген қарыз көлемі бүгінде 40 млн теңгеге жеткен.
Коммуналдық мекемелер берешекті өндіріп алу үшін нотариустар мен жеке сот орындаушыларына жүгініп, нәтижесінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің есепшоттары бұғатталып отыр. Бұл қаланы абаттандыру, санитарлық тазалық сынды мердігер ұйымдарға төлем жасауға, сондай-ақ өзге де қаржылық операцияларға кері әсер етуде.
Қала әкімінің орынбасары Бауыржан Есенов аталған әрекеттің заңға қайшы екенін атап, нотариустардың қос тараптың талабын ескермегенін жеткізді.
Кеңес қорытындысы бойынша бірнеше нақты тапсырма жүктелді. Олар:
- ТҮКШ бөлімі коммуналдық мекемелерге қолдау көрсетіп, мәселені бірге шешуге тиіс;
- Заң бұзған нотариустарға қатысты материалдар Әділет органдарына жолданады;
- Міндеттемелерін орындамаған тұрғындармен жалдау шартын бұзу мәселесі қаралады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі