6 маусымда Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов Қазақстанның халық әртісі, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Айгүл Қосанованы қабылдап, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында Әбілқайыр Байпақов әншінің өңірдегі мәдениет саласына қосқан үлесін атап өтіп, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ шаһар мәдениетінің кешегісі мен бүгіні қозғалып, мәдени ошақтарын көбейту сынды келелі мәселелер айтылды.
- Марапат алғаныңызды естіп, бүкіл Маңғыстау жұрты болып қуанып жатырмыз. Сара жолыңыз жас буынға жұғысты болсын. Біз сізбен мақтанамыз. Мерейіңіз артып, беделіңіз биіктей берсін, деді Әбілқайыр Байпақов.
Айгүл Қосанова — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының домбыра класы бойынша түлегі. Қазіргі таңда Президент оркестрінің солисі, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрадалық-цирктік колледжде оқытушы және аталған консерваторияның аспиранты. Ұстаз-ғалым, «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы» РММ-нің қауымдастырылған профессоры. Кездесуде мерейі артқан әнші шаһар басшысы Әбілқайыр Байпақовқа көрсеткен құрметі үшін ризашылығын білдірді.
- Бұл атақ – маған үлкен күш берді. Алудың өзі бір бөлек, арқалап жүру екі есе жауапкершілік. Құрметті Әбілқайыр Жаңайұлы, сый-құрметіңізге алғысым шексіз, деді Айгүл Қосанова.
Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамыр айында еліміздің дәстүрлі ән өнерін насихаттаудағы ерен еңбегі үшін Маңғыстау топырағынан түлеп ұшқан дарынды өнер иесі Айгүл Қосановаға «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын табыстаған болатын.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі