
Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 2 білім беру нысанының құрылысымен танысты.
Ақтау қаласы аумағында «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін 20 шағын ауданда 1500 оқушыға арналған 1 мектеп, Рауан тұрғын массивінде 300 орындық мектептердің құрылыс жұмыстарын тексерді. Қала әкімі алдымен Рауан тұрғын массивінде орналасқан №26 білім беру ошағына барды. Онда жауаптыларға мектеп құрылысымен қатар ауласындағы автотұрақ мәселесін жедел шешуді тапсырды.
- Кезек күттірмей, мектеп жанындағы жол мәселесін қарастырып, ұсыныс беріңіздер. Ертеңгі күні үлкен мәселеге айналмай тұрғанда қазір біржақты реттеу керек, деді Әбілқайыр Байпақов.
Кейін шаһар басшысы құрылысы жүргізіліп жатқан 20 шағын аудандығы №34 мектепке аялдады. Қала әкімі жауаптыларға құрылыс сапасы мен мектеп инфрақұрылымын бақылауда ұстауды тапсырды.
- Мектеп директорының міндетін атқарушысын шақырып, мердігермен байланыстыру керек. Қазірден бастап барлық мәселелермен таныса берсін. Уақыт тығыз, деді Әбілқайыр Байпақов
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы салынып жатқан екі мектептің құрылысы тамыз айының соңына дейін аяқталмақ. Мектеп жанында арнайы спорт алаңы бар, ғимарат ішіндегі сыныптар заманауи құрал-жабдықтармен, соңғы үлгідегі техникамен қамтылмақ. Қала әкімі қос білім беру нысандарын салып жатқан мердігер мекеме басшыларына аталған білім нысандарын уақытылы тапсыруды қамтамасыз етіп, мектеп айналасында тазалықты сақтау керектігін айтты.
Айта кетейік Ақтау қаласында жаңа оқу жылында үш «Жайлы мектеп» пайдалануға берілмек. Олар:
1. Рауан елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысы 2023 жылы басталды. Мердігер мекеме - «Құрылыс Инвест Групп» ЖШС.
2. 16 ш/а 1500 орындық мектептің құрылысы 2023 жылы басталды. Мердігер мекеме - «Альянс LTD» ЖШС.
3. 20 ш/а 1500 орындық мектептің құрылысы 2023 жылы басталды. Мердігер мекеме - «Оңдасын Строй» ЖШС.
Аталған мектептер құрылысының тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі