Ақтау әкімдігінде жылу желілерін жаңғырту мен абаттандыру жұмыстары талқыланды

Ақтау әкімдігінде жылу желілерін жаңғырту мен абаттандыру жұмыстары талқыланды

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Саркеновтың төрағалығымен қала әкімдігінде жылу желілерін жаңарту мен абаттандыру жұмыстары бойынша кеңес өтті. Жиынға мердігер мекеме – «Алматыинжстрой» АҚ, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен басқа да жауапты сала мамандары мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Басқосуда 2024 жылы 11,4 шақырым магистральдық жылу құбырларын ауыстырғаннан кейінгі аумақтарды абаттандыру мәселесі қозғалды. Сол кезде қазылған көшелер мен аулалардың әлі күнге дейін қалпына келтірілмегені тұрғындар тарапынан жиі сынға ұшырап келеді деді Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а Айдар Бисенов. 

- Қаланың әр аумағы толық қалпына келтірілуі тиіс. Бұзылған жол, тротуар, аула – бәрі де қалпына келтірілмейінше, бұл жұмыс аяқталды деп есептелмейді, – деді Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдар Бисенов.

Кедергілерге қарамастан былтырғы қолға алынған жобаның ауқымы былтырғыдан екі есе үлкен. Қазірдің өзінде құбырларды бұзу жұмыстары толық аяқталып, монтаждау жұмыстары басталғанын айтқан мердігер мекеме барлық шағымды ескеріп, биылғы жұмысты қыркүйектің аяғына дейін аяқтауды уәде етті. 

- Қиын учаскелердегі жұмыстардың 15 пайызы орындалып, бетондау жұмыстары 30 пайызға жеткен. Жұмыс қарқыны жоғары, мердігер компания барлық жұмыстарды қыркүйектің 15-20 аралығында толық аяқталады, – деді «Алматыинжстрой» АҚ механикаландырылған жұмыстар филиалының директоры Сәкен Бердібаев.

Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Ерлан Сәркенов барлық жұмыстардың үйлесімді әрі жүйелі жүргізілуі керектігін баса айтты. Әсіресе, қайта қалпына келтіру жұмыстарының сапасы ерекше бақылауда болатынын жеткізді.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі