Өмірзақ ауылында тіл заңнамасының сақталуына қатысты мониторинг жүргізілді

Өмірзақ ауылында тіл заңнамасының сақталуына қатысты мониторинг жүргізілді

Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Өмірзақ ауылындағы әлеуметтік нысандарға мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасы жөнінде мониторинг жүргізілді.

Шараға қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ мүшесі Аллаберген Қонарбаев пен «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәтжан Шәулиев қатысты.

Мемлекеттік тіл туралы заңының 21-бабына сәйкес, нысан маңдайшаларындағы атаулар алдымен қазақ тілінде, содан кейін ғана басқа тілде жазылуы қажет. Алайда бұл тәртіп кей әлеуметтік нысандарда сақталмай отыр. Бұл - тексеріс барысында анықталған заңбұзышылық.

– Мемлекеттік тілге деген құрмет осындай нақты әрекеттен – мониторинг пен бақылаудан басталуы керек. Біз бұл жұмысты бір реттік шара деп қарамаймыз, алдағы уақытта да мұндай тексерістерді жүйелі түрде жүргізетін боламыз. Халыққа қызмет көрсететін орындар – тіл мәдениетін қалыптастыратын маңызды орта. Сондықтан барша тұрғындарды мемлекеттік тілді құрметтеуге шақырамын, деді «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ мүшесі, «Маңғыстау-Рухният» ҚҚ директоры Аллаберген Қонарбаев.

Айта кетейік, мұндай мониторинг жұмыстары тек Өмірзақ ауылында емес, Ақтау қаласына қарасты барлық әлеуметтік нысандарда жалғасады.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі