Биыл Маңғыстауда бірқатар энергетикалык және тұргын үй коммуналдық шаруашылығы нысандары жөнделеді

Биыл Маңғыстауда бірқатар энергетикалык және тұргын үй коммуналдық шаруашылығы нысандары жөнделеді

Бүгін, 27 мамыр күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында 2024-2025 жылғы жылыту маусымының қорытындылары қаралып, алдағы маусымға дайындық жұмыстары пысықталды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың мәліметінше, өткен жылы қалаішілік жылу желілерінің кебуіне байланысты Ақтау қаласында 367 жылу желісі апаты орын алған. Сонымен қатар, «МАЭК» ЖШС-де ІІ дәрежелі 9 технологиялық ақау анықталып, барлығы қалпына келтірілді.

Қазіргі таңда «МАЭК» ЖШС-нің екі жылу электр орталығында 3 турбоагрегат пен 1 энергоблок күрделі жөндеуден өткізілмек.
Сонымен қатар, Маңғыстау электр тарату компаниясы жылыту маусымына дайындық барысында 495,4 шақырым электр желісін, 106 трансформаторлық нысанды және 5 қосалқы стансаны жөндеуді жоспарлап отыр.
Газ жүйесі бойынша 120 блокты және 438 шкафты газ реттеу пунктілерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.

Ақтау қаласында жылу тапшылығын жою мақсатында бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. «МАЭК» балансына қарайтын магистральдық жылу құбырларының жалпы ұзындығы 47,7 шақырымды құрайды. 2024 жылы оның 15,6 шақырымы жаңартылды. Биыл қалған 10 шақырымдық учаскеде жөндеу жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар, 3а, 3б шағынаудандарында жалпы ұзындығы 10,2 шақырым жылу желілері қайта құрылымдалуда.

Сондай-ақ жылу тапшылығы мәселесін шешу үшін қуаты 360 Гкал болатын жаңа қазандықтың құрылысы жоспарланған. Бұл жоба 19а, 20, 20а, 34, 34а, 35 шағынаудандарын тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

«МАЭК» ЖШС бас директоры Кеңес Орақовтың айтуынша, биыл 22,4 шақырым жылу желісін қайта жаңарту жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілуде. Сонымен қатар, ТЭЦ-2 мен ТЭЦ-1 арасындағы 318 метрлік кері жылу желісі де жаңартылатын болады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай барлық коммуналдық мекеме басшыларына, жауапты басқарма басшыларына жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қазірден қолға алып, белгіленген мерзімге дейін сапасына мән бере отырып, толық аяқтауды тапсырды.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі