Көгалдандыру мен безендіру: Қала көркі – басты назарда!

Көгалдандыру мен безендіру: Қала көркі – басты назарда!

Ақтау қаласын көгалдандыру бағытындағы жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда қала аумағына түрлі түсті раушан, шырай гүлдері мен шалфей басқа да сәндік өсімдіктер отырғызылып жатыр.

Жасыл желектердің түрлері көбейіп, қала көркін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жалғасуда. Олардың күтімі басты назарда. Отырғызылған жасыл-желек арнайы бекітілген кестеге сәйкес суарылады. Бұдан бөлек, өсімдіктердің қалыпты өсуіне кедергі келтіретін арам шөптерді жұлу, қажет болған жағдайда кесу жұмыстары да жүргізілуде. Бұл шаралар жасыл желектердің эстетикалық келбетін сақтау үшін аса маңызды.

– Алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстары одан әрі жалғасып, қала аумағындағы жасыл желек көлемі ұлғайтылатын болады, деді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жантілек Асхатов.

Сонымен қатар, қаланы безендіру мақсатында түнгі мезгілде жанып тұратын декоративті жарық шамдары жаңартылып жатыр. Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қала тұрғындарынан шаһардың шырайын арттыруға бағытталған жобаларға ұқыппен қарауды сұрайды.

 

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі