
Ақтау қалалық прокуратурасының бастамасымен қала әкімдігінде электр энергиясы мәселесіне қатысты жиын өтті.
Отырысқа Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіров, қала әкімінің орынбасары, бөлім басшылары, коммуналдық сала мен қаладағы құрылыс мекеме өкілдері қатысты. Жиын барысында Ерболат Әбдіров жарық мәселесін шешу бағытында әр құрылыс компаниясының мәселесін жеке қарастырып, кешенді жоспар жасауды алға тартты.
- Шағын аудандар көбейді. Зардап шегіп отырған қала тұрғындары. Халық жиі жолдарды жауып жатыр. Біздің ұсыныс: әр құрылыс мекемесінің мәселесін жеке қарастырып, кешенді жоспар жасау керек. Ендігі құрылыс салатын мекемелердің қызметіне қадағалауды күшейтеміз. Халық жолды жауып, құқықтық баға беруді сұрайды. Біздер осы жұмысқа қосылып отырмыз, деді қала прокуроры.
Өз кезегінде Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қаладағы жарығы жиі сөнетін тұрғын үйлерді салған құрылыс компания өкілдеріне мәселенің нүктесін қою үшін нақты тапсырмалар жүктеді.
- Жұрт жолды жауып, наразылық білдіргенде - ол құрылыс компаниялардың жауапкершілігі біріншіден. Сол жерде бірде-бір құрылыс салған мекемені көрмейміз. Инженерлік желілер толық бітпейінше, жауапкершілік сіздерде болады. Мәселесі бар құрылыс компаниялар, құжаттарын 1 апта мерзім ішінде толық рәсімдеп, коммуналдық мекемелерге тапсырсын. Мәселенің нүктесін қоятын кез келді, деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Естеріңізге салайық Ақтау қаласының кей шағын аудандарында жарықтың жиі сөнуі анықталуда. Бұл жағдай тұрғын үйді салған құрылыс мекемелерінің инженерлік желілерге қатысты құжаттарын толық рәсімдемеуі салдарынан болып отыр. Шаһар басшысы қала прокурорының ұсынысын ескеріп, жауаптыларға 1 апта мерзім ішінде олқылықтарды реттеп, коммуналдық мекемелермен қоян-қолтық жұмыс істеуді тапсырды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі