
«МАЭК» ЖШС «КЖСА» МКК-мен бірлесіп, 15-18 қыркүйек аралығында Ақтау қаласының магистральдық және тарату жылу желілерінде жоспарлы гидравликалық сынақтар жүргізеді.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында сынақ жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде жылу желілерінің құбырларына 10 метрден жақын бармауды сұраймыз.
«МАЭК» ЖШС
Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен, облыстық «Маңғыстау» телеарнасының бастамасымен «Өз диқаныңды қолда» атты жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде.
Жәрмеңкеге облыстың әр өңірінен келген шаруа қожалықтары қатысып, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін нарықтағы бағадан қолжетімді бағамен ұсынуда.
– Жергілікті өнімдерді өндірушілердің өз бағасымен халыққа ұсынуына мүмкіндік жасау мақсатында 19-шағын ауданнан арнайы орын белгіленді. Бүгінде кәсіпкерлер тұрғындарға өз өнімдерін ұсынып, сауда жасауда. Қала тұрғындары мен қонақтарын жергілікті өнімдерді сатып алып, жергілікті шаруаларды қолдауға шақырамын, – деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Зухра Бермағанбетова.
Айта кетейік, жәрмеңке әр аптаның жұма күні сағат 09:00-ден бастап өткізіледі. Іс-шара 1-қазанға дейін жалғасады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала аумағында дауылдан кейінгі қалпына келтіру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Дауыл салдарынан құлаған ағаштар кесіліп, қауіпсіз аумақтарға шығарылуда. Сонымен қатар, жол жиектері мен қоғамдық орындарда жиналған қоқыстар тазартылып, аумақтарды санитарлық тазалау жұмыстары атқарылуда.
Коммуналдық қызметтер қала аумағының тазалығын қамтамасыз ету және дауыл салдарын жою бағытындағы жұмыстарды күшейтілген режимде жалғастыруда.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
10 қыркүйек – Отбасы күніне орай бүгін Ақтау қаласында қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «Шаңырақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Берекелі отбасы – берік қоғам» атты форум өтті.
Форумға қала тұрғындары, облыс және қала әкімдіктері жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдері, мәслихат депутаттары, ішкі істер органдарының қызметкерлері, сондай-ақ білім беру, кәсіпкерлік және әлеуметтік сала мамандары қатысты.
Жиын барысында отбасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілікті нығайту, бала тәрбиесі, ұлттық және отбасылық құндылықтарды сақтау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ әлеуметтік қолдау мәселелері кеңінен талқыланды. Түрлі сала мамандары қатысушыларға өз тәжірибелерімен бөлісіп, пайдалы ақпарат ұсынды.
– Бүгінгі форумның басты мақсаты – қоғамдағы өзекті отбасылық мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын бірлесе талқылау, сондай-ақ отбасы институтының маңызын дәріптеу. Отбасы – қоғамның іргетасы. Сондықтан оның берекесі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет, – деді «Шаңырақ» қоғамдық қорының директоры, журналист, Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Лаура Тындырғанова.
Іс-шара аясында жергілікті тігін шеберлерінің ұлттық киімдері, қолөнер бұйымдары мен кәдесыйларының көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Форумға қатысушылар көрмені тамашалап, мазмұнды ақпарат алып, өзара пікір алмасты.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақтау қаласында қала әкімдігінің тапсырысы негізінде автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі шартқа сәйкес мердігер мекеме тарапынан жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар күнделікті жүйелі түрде жүргізілуде.
Атап айтқанда, «Жылы жағажай» аумағындағы орталық жолдың таңбалары мен жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңарту жұмыстары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қала аумағында жауын-шашын суларын бұру және су қабылдау жүйелерін тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аталған жұмыстар қала аумағының санитарлық жағдайын жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасатын болады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақтау қаласында қала келбетін жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Қазіргі таңда теңіз жағалауындағы балясиналарды қалпына келтіру, сондай-ақ 14-шағын аудандағы тіреу қабырғаларын сырлау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 6-шағын ауданда орналасқан спорт алаңын ретке келтіру жұмыстары да қарқынды атқарылып жатыр.
Аталған бағыттағы жұмыстар қала аумағында жоспарға сәйкес күнделікті жүргізілетін болады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі