Бейнеу ауданының дамуына үлес қосып, мәдениетті өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткері, ардақты азамат Өтеев Әділ Қазмолдаұлын еске алу мақсатында аудандық деңгейде шағын футболдан турнирі өтті. Бұл шара – марқұмның өнегелі өмір жолын насихаттап, жас буынға үлгі етуге бағытталған тағылымды бастамалардың бірі болды.
Әділ Қазмолдаұлының өнегелі өмір жолына құрмет ретінде ұрпақтары мен туыстары 25-26 сәуір күндері Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі жасыл алаңда аудандық шағын футбол турнирін ұйымдастырды. Бұл турнир – тек спорттық бәсеке ғана емес, марқұм рухына арналған рухани тағзымның белгісі болды.
Жарысқа аудан көлемінен 14 команда қатысып, тартысты ойындар өтті. Әрбір команда жеңіс үшін барын салып, жоғары деңгейде ойын көрсетті. Турнирдің марапаттау шарасына Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Қанағат Батырбекұлы Назарханов пен аудандық мәслихат төрағасы Ардақ Рәббімұлы Бораш қатысып, қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді. Олар өз сөздерінде Әділ Қазмолдаұлының ауданның дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, жастарды осындай тұлғалардың өмір жолынан үлгі алуға шақырды.
Турнирдің негізгі жүлде қоры 600 000 теңгені құрады. Оның ішінде: І орын –
1995 жылы туған жастардан құралған «Алинұр» командасы 300 000 теңге, ІІ орын – 1994 жылы туған жастардан құралған «Аманат» командасы 200 000 теңге және ІІІ орын – 1996 жылы туған жастардан құралған «Құрдастар» командасы 100 000 теңге иеленіп, диплом, кубок, медальдармен марапатталды.
Сонымен қатар, «Үздік қақпашы» - Бегжанов Айболат, «Үздік қорғаушы» - Кенжебеков Жасұлан, «Үздік шабуылшы» - Өмірғалиев Ерсайын, «Үздік ойыншы» - Лесбаев Азамат, «Үздік жас ойыншы» - Жалелов Жасұлан марапатталды.
Осындай спорттық шаралар – тек жарыс емес, рухани сабақ, тағылымы мол тәрбие құралы. Әділ Қазмолдаұлы Өтеевтің өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі боларлық сара жол. Оның еңбегін дәріптеу арқылы өскелең ұрпаққа елге адал қызмет етудің, мәдениетті өркендетудің, ел мен жерге шынайы жанашыр болудың маңызын ұғындыру – басты міндеттердің бірі. Бұл турнир соның нақты дәлелі болды. Елінің ерен тұлғаларын ұлықтай білетін ұрпақ барда, олардың есімі мәңгі жадымызда сақталары анық.