
Мемлекет басшысының маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тапсырмасына және Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының іс-шараларына сәйкес, Өзбекстан Республикасымен шекаралас аумақта – Тәжен кеден бекетінің маңынан заманауи жол бойындағы сервистік қызмет көрсету орталығы салынбақ.
Аудан әкімінің орынбасары Талғат Қылаңов жобаға ниет білдірген кәсіпкер-инвестор Бақытжан Мерубайұлымен кездесіп, бастаманың мән-жайымен танысты. Кәсіпкер өз жобасын таныстырып, орталық шекара маңында барлық жолаушыларға арналған толыққанды қызмет көрсету кешені болатынын атап өтті.
Аталған жоба ҚР Бас Прокурорының инвесторларды қолдау тапсырмасы аясында «Прокурорлық сүзгі» жобасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл бағытта аудан прокуроры С.Хасниязовпен бірлескен заң шеңберіндегі жұмыс жүргізіледі.
Жобаның негізгі мақсаты – шекара маңындағы қозғалыс қарқынын ескере отырып, жүргізушілер мен жолаушыларға сапалы әрі қолжетімді қызмет ұсынатын инфрақұрылым қалыптастыру. Сонымен қатар, бұл бастама аудан аумағында кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шекаралық аумақтың іскерлік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында басталып, сол жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.