Тұрғын үй кілттері табысталды

Тұрғын үй кілттері табысталды

Қасиетті Рамазан айының соңғы күнінде ауданымыздағы бірқатар отбасы баспаналы болды. Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев үйлі болған қоныс той иелерін құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстады.

– Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Осы қуанышты сәтте баршаңызды жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын. Жаңа үй – тек қана төрт қабырға емес, жаңа өмірлеріңіздің, қуанышты сәттердің бастамасы болсын. Жанұяларыңызда бір-бірлеріңізді қолдайтын, барлық қабілеттеріңізді пайдаланып, елімізді, ауданымызды гүлдендірер ұрпақтың құтты ұясына айналсын. — деген Рахымжан Ысқақұлы қоныс той иелеріне пәтер кілттерін табыстап, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.
Мерекелік жиында ауылымыздың ақсақалы Яхия Аймағанбетов ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты.

– Қуанышымызда шек жоқ. Мемлекет қолдауын сезініп, жаңа пәтерге ие болдық. Алғысымыз шексіз, — деді ауыл тұрғыны Серікбай Айтқазиев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Бейнеу ауданы бойынша 894 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп 65-80 шаршы метр аралығын құрайтын 2 және 3 бөлмеден тұратын 22 үй сатып алынған болатын. Аталған тұрғын үйлер тұрғын үй комиссиясының шешіміне сәйкес көп балалы отбасы санатындағы 9 адамға, әлеуметтік әлсіз топ санатындағы 9 адамға және жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 4 адамға берілді.