«Алтын белгі» иегерлері марапатталды

«Алтын белгі» иегерлері марапатталды

Он бір жыл бойы үздік оқып, жоғары нәтижемен орта мектепті аяқтаған түлектерге «Алтын белгі» төсбелгісін табыстау шарасы өтті. Шараға аудан әкімі Шалбаев Рахымжан Ысқақұлы, мекеме, кәсіпорын басшылары, мектеп директорлары, ата-аналар мен мектеп бітіруші түлектер қатысты.

Аудан әкімі Шалбаев Рахымжан Ысқақұлы «Білімді ұлттың қалыптасуы мектеп табалдырығынан басталатыны анық. «Алтын белгі» иелену бұл үлкен еңбек. Сіздердің тынымсыз ізденістеріңіздің, жалықпай оқу мен алға ұмтылғандарыңыздың жемісі», – деп оқушыларды құттықтады. 17 түлекке «Алтын белгі» табыстап, білім саласында жоғары жетістікке жетіп, үздік нәтиже көрсеткендері үшін алғыс хат берді.

Сонымен қатар, ата-аналар да білім берген ұстаздарға, шараны ұйымдастырушы аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.

Ауданда биылғы оқу жылын 891 оқушы аяқтады. Олардың 828-і күндізгі, 63-і кешкі мектептің түлектері. Мектеп бітірушілердің 34-і «Үздік аттестат», 17-сі «Алтын белгі» иеленген.

Салтанатты шара аудан өнерпаздардың ән-шашуымен қорытындыланды.