
Аналар күні қарсаңында Бейнеу ауданында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының салтанатты ашылуы өтті. Шараға аудан әкімі Рахымжан Шалбаев, аудандық аналар кеңесі мүшелері, ақ жаулықты аналар, арулар қатысты.
Арнайы қонақ ретінде «Қазақ аналары - дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облысындағы филиалының басшысы Бибігүл Рамазанова, ардагер ұстаз, «Шаңырақ» қоғамдық қорының негізін қалаушы Рыскүл Игілікова, Ақтау қаласы «Аналар кеңесінің» төрайымы, «Саламатты Ел» қоғамдық қорының директоры Гүлзира Есетова, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Ақтау қаласы бойынша филиалының жетекшісі Бақтыгүл Тлемисова, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» Маңғыстау ауданы филиалының жетекшісі Сәнжан Әлиманқызы, Мұнайлы ауданы филиалының жетекшісі Гүлден Джубатова келді.
Бірлестіктің мақсаты – отбасылық құндылықтарды, ұлттық әдет-ғұрыпты насихаттау, ұлттық құндылықты ұлықтап, төл дәстүрді дәріптеу.
Шара басында мәдениет үйінің файесіне қолөнер бұйымдары көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкеі ұйымдастырылды. Келген қонақтар жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерінен дәм татып, ұлттық қолөнер бұйымдарын тамашалады.
Сахна шымылдығы қазақтың салт-дәстүрін насихаттаған қойылымдармен ашылды. Ұмытылып бара жатқан ұрын бару, уыз қалжа және құйрық ботқа, бауыр аяқ дәстүрлері сахналанды. Аудан әкімі Шалбаев Рахымжан Ысқақұлы бірлестіктің ашылуымен құттықтап, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағы үшін қажетті орта екенін жеткізді.
Қоғамдық бірлестіктің Бейнеу аудандық филиалының төрайымы болып Бейнеу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Айнахан Есетова тағайындалды. Шара барысында Айнахан Ығылманқызы аудандық филиалдың мүшелерімен таныстырды. Саналы ұрпақ тәрбиесі жолында бірлесіп қызмет атқаруға шақырды. Сонымен қатар, ауданға келген филиал жетекшілеріне сый-сияпат табыстады.
«Қазақ аналары - дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облысы бойынша басшысы Бибігүл Рамазанова сөз алып, бірлестіктің мақсат-міндеттерімен бөлісіп, республика бойынша атқарған жұмыстарын көрсетті. Сондай-ақ, Бейнеу аудандық филиалының ашылуына ықпал еткен аудан әкіміне және филиалдың ашылуына орай ұйымдастырылған шараға үлес қосқан азаматтарға алғыс хат табыс етті. Шара аудан өнерпаздарының ән-шашуына ұласты. Мәдениет үйі кимешек киген аналарға, ұлттық киім киген көрерменге толы болды.
Салтанатты ашылудан соң бірлестіктің негізгі мақсатын айқындайтын «Қыз бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында ойталқы өтті. Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған қыз баланың болмысы, тәрбиесі мен қоғамды адастыруға апаратын дүниелер көтерілді. Оларды шешу жолдары талданып, ашық пікірталас өрбіді. Ұлттық құндылықтарды басты бағдар еткен бірлестік алдағы уақытта ауданда қоғамдық салада қарқынды жұмыс атқаратын болады.