Бейнеуде «Ақжарма» фольклорлық ансамблі өнер кешін өткізді

Бейнеуде «Ақжарма» фольклорлық ансамблі өнер кешін өткізді

Бейнеу аудандық мәдениет үйінде «Ақжарма» фольклорлық ансамблі «Ел арқауы ән мен күй» атты ұлттық өнер кешін өткізді. Кешке аудан әкімі Рахымжан Шалбаев, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

«Ақжарма» фольклорлық ансамблі – тәуелсіздік алған жылдары құрылып, бүгінге дейін дәстүрлі музыканы насихаттап, өлкенің рухани мұрасын танытып келе жатқан мәдени ұжым. Қоржынында отандық туындылар ғана емес, шетел композициялары да бар ұжым тек аймақ жұртшылығын емес, алыс-жақын шетелдерге де танымал. Ансамбль жақында Еуропада өнер көрсетіп қайтты. Бұған дейін Қытай, Түркия, Франция және Украина елдерінде өнер көрсетіп, бірнеше байқауларға қатысып, лауреат атанған.

Маңғыстау өңірі – дәстүрлі өнер жауһарларын көзінің қарашығындай сақтаған киелі мекен. «Ақжарма» ансамблі дәстүрлі өнердің айнасы атанып, Маңғыстау өлкесінің брендіне айналған ансамбль екендігі белгілі. Өлкеміздің маңдайына тұтатын бірден-бір өнер ұжымы. Оған ешкім дау айта алмайды! Қазақтың әрбір әні мен күйі өз алдына тарих. Оны сол қалпында сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуде өз үлесі бар «Ақжарма» фольклорлық ансамбліне шығармашылық табыс тілеймін! Тыңдаушысы болса, дәстүрлі өнеріміздің ғұмыры да ұзақ болмақ. Қазақ өнері өрлей берсін! – деді Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев.

Айта кетелік аталмыш ұжымның шалғай ауылдарға барып өнер көрсетуіне облыс басшылығы мұрындық болып отыр. Ансамбльдің құрамында Бауыржан Сатыбалдин, Әзімхан Адай, Марат Сапаров, Әлия Қарамұқан, Кәмшат Ізтілеуова секілді танымал өнерпаздармен бірге Асқар, Асанәлі Көшеровтер мен Оспан Құлсымақ сынды бейнеулік өнер саңлақтары да өнер көрсетті. Қашанда ұлттық өнерге жанашыр Берекелі Бейнеу халқыбір серпіліп қалды. Кеш соңында өнер иелеріне аудан әкімінің атынан ықылас гүлі тарту етілді.