Бейнеуде жаңа емхана ашылды

Бейнеуде жаңа емхана ашылды

«Аманқос» медицина орталығы облыстың 2022 жылғы аймақтық перспективті жоспары бойынша салынған жеке емхана. Емхана 10 мың адамға қызмет көрсете алады. Заманауи аппараттармен жабдықталған орталық аудан тұрғындарына сапалы әрі тегін медициналық қызмет көрсетілетін болады.

Жаңа денсаулық сақтау нысаны электрокардиография, фетальды монитор, көздің қысымын өлшейтін аппарат, офтальмоскоп, заманауи УЗИ аппараты, цифровой рентген аппараты, 10 кереуеттік күндізгі стационар және физио емдеу апараттары сияқты қазіргі заманауи апараттармен жабдықталған.

Сондай-ақ емханада бүйрек шамасыздығынан зардап шегіп жүрген сырқостарға қажетті бүйректі жасанды тазалау үшін Италиядан шыққан «Gambro» аппараты, Жапон елінен шыққан «Surdial X 4» жане Германия елінен шыққан 2 дана «Dialog» аппараттары іске қосулы.

Емхананың ашылу салтанатына Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов, Маңғыстау облыстық орталық ауруханасының бас дәрігері Жәнібек Ажмұханов, Бейнеу ауданының денсаулық сақтау саласының ардагері Ізбасар Қыздарбаев, марқұм Аманқос Дүйсенбайұлының туыстары, сыныптастары, ағайын-туыстары және аудан тұрғындары қатысты.

-Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін беріп келеді. Ауданымызда да бұл сала айтарлықтай өзгеріске түсіп, дамып жатыр. Келесі жылы аудандық ауруханамыз 4-категориялы ауруханалар қатарына енеді деп отырмыз. Бұл да денсаулық сақтау саласын дамытып, түрлі аппараттармен көптеп жабдықтауымыздың себебінен жүзеге асып отыр. Осыған дейін заманауи жабдықталған «ND clinic» жеке клиникасы мен «Эталон мед» диагностикалық зертханасы ашылып, халық игілігіне берілді, – деді Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов.

Емханаға саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Бейнеу ауданының құрметті азаматы, білікті дәрігері - Аманқос Бітімовтың аты берілді.

Аманқос Дүйсенбайұлы 1989 жылдан бастап Бейнеу аудандық ауруханасында дәрігерлік қызметін бастаған. Еңбек еткен жылдарында халық денсаулығын жақсарту жолында аянбай тер төкті. 2009 жылдың қыркүйегінен 2017 жылдары аралығында Бейнеу ауданында жекеменшік клиникасы күндізгі станционар ашып, халыққа жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетті. Оба ауруының таралуының алдын алуға, неврология саласын дамытуға сүбелі үлес қосты.