Бейнеу ауданында Жылыой ауданының мәдени күні өтті

Бейнеу ауданында Жылыой ауданының мәдени күні өтті
30 қыркүйек күні Бейнеу аудандық мәдениет үйінде Атырау облысы, Жылыой ауданының мәдени күні өтті.
«Киелі мекен - Кең Жылыой» атты мәдени шара шығармашылық ұжымдар арасындағы кәсіби шеберлікті арттырып, тәжірибе алмасуға бағытталды. Шараға аудан әкімі Бейнеубек Әбілов, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.
Жылыойлық өнерпаздар ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді насихаттайтын туындыларды орындады. Күмбірлеген күй тартылып, әуелеген ән шырқалды. Бишілер мың бұралып би билеп, жыршылар жыр жырлаған керемет өнер кеші өтті. Жиналған қауым Жылыой ауданының мәдени жетістіктеріне қанық болып, өнерпаздар өзара тәжірибе алмасты.
Сонымен бірге Жылыой ауданы шеберлерінің қолөнер бұйымдарының көрмесі қойылды. Жылыой өнерпаздары мен қолөнершілері Бейнеу жұртшылығының ыстық лебізіне бөленді.
-Біздер ежелден көршілес, бір-бірімізге тілеулес аудандармыз. Төскейде малы бірге жайылып, ынтымағы жарасқан елді мекендерміз. Жылой - еліміздің экономикасына қомақты олжа салып отырған бірегей аудан. Себебі ол жерде ірі мұнай компаниялары орналасқан. Сол компанияларда Бейнеудің де азаматтары қызмет етеді. Бүл да- екі көршілес ауданның әлеуметтік-экономикалық сабақтастығының белгісі. Бүгінгі шара достығымыз бен ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп есептеймін! Құрметті Жылыойлық қонақтар! Бейнеу ауданына басқан қадамдарыңызға гүл бітсін! «Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы» дегендей ортақ мүддеміз – Тәуелсіз Қазақстанымыздың тыныштығы мен халқымыздың ынтымағы. Оған қоса еліміздің әлеуетінің нығайып, мәдениетінің дамуы! Осы жолда бәріміз күш біріктіріп, аянбай қызмет етуге жазсын. Жасалып жатқан игі шаралардың барлығы Жаңа Қазақстанның жарқын болашағының кепілі болғай!- деді өз сөзінде Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов.
Шара соңында Жылыой ауданы атынан естелік сыйлық тарту етілді. Жиналған көпшілік рухани кештен көтеріңкі көңіл-күймен тарады.