Бейнеу ауданында ардагерлер үйі ашылды

Бейнеу ауданында ардагерлер үйі ашылды
1 қазан - халықаралық қарттар күніне орай Бейнеу ауданында «Ардагерлер үйі» ашылды.
Ардагерлердің құрметіне ашылған орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Бейнеубек Әбілов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтан Жаңбыров, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Аудан әкімі және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы құттықтау сөзін сөйледі. Ауыл ақсақалы Сахи Хибасов та өз ризашылығын жеткізді. Осыдан кейін ардагерлер үйінің салтанатты түрде лентасы қиылды.
Бүгінгі таңда Бейнеу ауданында 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 16 тыл ардагері, 5281 зейнет жасындағы жандар бар. Олардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы үнемі назарда. Ауданымыздың ақсақалдары қоғамдық шаралардан қалыс қалмай, белсенділік танытып, жастарға бағыт-бағдарын беріп отырады.
Ардагерлер үйінде қазыналы қарттарымыздың бас қосып, уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасалған. Мұнда ақсақалдар үшін шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, т.б ойын бөлмесі жабдықталып, кітап сөресі орналастырылған. Түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік те қарастырылған.
- Құрметті ардагерлер! Сіздердің құрметтеріңізге әкімдік тарапынан арнайы орталық жасақталды. Бұл жерде ардагерлер кеңесінің штаб-пәтері десе де болады. Кеңес төрағасының кабинеті, хатшысы, кеңес мүшелеріне арналған кабинеттер қарастырылған. Сондай-ақ ауданымыздың кез-келген зейнет жасындағы қоғам және мемлекет қайраткерлерінің бос уақыттарын сапалы өткізуіне жағдай жасалды. Біз сіздердің ақыл кеңестеріңізге мұқтажбыз. Біз әрдайым сіздерден көрген үлгі өнегемен дамып, сіздерден алған батаменен көгереміз!
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Ұрпақтарыңыздың ықыласына бөленіп арамызда жүре беріңіздер. Қазыналы қарттарымыз, сіздер аман болыңыздар!
Орталықтарыңыз құтты болсын!, - деді Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов.