Ұлы Жеңіс күніне 77 жыл!

Ұлы Жеңіс күніне 77 жыл!

Адамзат тарихында ұмытылмас із қалдырған Ұлы Отан соғысының аяқталған күні — Ұлы Жеңіс күніне биыл 77 жыл. Өшпес даңқ пен қайсарлықтың, Отанға деген сүйіспеншілік пен жанқиярлық ерліктің үлгісіне айналған Жеңіс күнін Бейнеу жұртшылығы да атап өтті.

Аудандық Жеңіс аллеясында салтанатты шара өтіп, оған аудан әкімі Әбілов Бейнеубек Көңілімқосұлы, ауған соғысы ардагерлері, әскери қызметкерлер, мекеме, кәсіпорын басшылары, жас сарбаздар мен жастар және аудан тұрғындары қатысты.

Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан майданда қаза болған жауынгерлерге тағзым етіп, гүл шоқтарын қойылып, бір минут үнсіздік жарияланды. Батыр ата-бабалар рухына құран бағышталды.

Аудан әкімі өз сөзінде:
- Ардақты Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Құрметті аудан тұрғындары!

Баршаңызды Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Қанша уақыт өтсе де Жеңіс күнінің мән-мазмұны ешқашан жойылмайды, себебі оның құндылығы ғасырлар бойына жаңа, жас ұрпаққа өсиет боларлық қадір-қасиетке ие.

Бүгінде ауданымызда 2 Ұлы Отан соғысы ардагерлері, 16 тыл еңбеккерлері мен 13 соғыс ардагерлеріне теңестерілген жандар сұм соғыстың куәгері ретінде арамызда.

Мәңгілік алау біз үшін соғыс ардагерлерінің рухының көрінісіндей болып кеткен символикалық нысан. Отан үшін от кешкен бүкіл ата-бабалардың рухтарына тағзым жасау үшін мәңгілік алауға келіп, бір сәт ойланып, гүл шоқтарын қоямыз. Бұл өте үлкен мағыналы шара.

Қадірлі майдангерлер!
Ауыр күнде атқарған адал еңбектеріңіз бен табандылықтарыңызға алғысымыз шексіз. «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа үлгі». Ендігі жерде сіздерге құрмет көрсету, жас ұрпаққа өнеге ету бізге парыз. Ұлы Жеңіс күнінде баршаңызға ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, еліміз бен жерімізге бейбіт өмір тілеймін,-деді.

Шарадан кейін аудан басшылығы соғыс ардагерлерінің үйіне барып құттықтады. Ақсақалдар алғысын жаудырып, баталарын берді.

Кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.