МАҢҒЫСТАУҒА ТҮРКІСТАН МЕН АҚТӨБЕ ОБЛЫСТАРЫНАН МАЛ АЗЫҒЫ ЖЕТКІЗІЛУДЕ

МАҢҒЫСТАУҒА ТҮРКІСТАН МЕН АҚТӨБЕ ОБЛЫСТАРЫНАН МАЛ АЗЫҒЫ ЖЕТКІЗІЛУДЕ

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Маңғыстауда мал бағып отырған шаруаларға қолұшын беруге бүкіл ел жұмыла кірісті. Түркістан облысының тұрғындары мен еріктілері облыс әкімдігінің қолдауымен осы күнге дейін 33 вагон шөп жөнелткен. Оның жетеуін Құрмет Талапқазы бастаған еріктілер жіберген. Қалған шөп тиелген вагондарды тасымалдауға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қолдау көрсетуде. Келісімдерге сәйкес мал азығын жеткізу жұмыстары тегін жүргізілуде. Түркістан облысы әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қажет болған жағдайда дайындалған жем-шөпті тасымалдау үшін 100 вагон ұсынуға дайын.
Түркістаннан шыққан 8 вагон мал азығы күні ертең Жаңаөзен қаласы мен аудандарға жеткізіледі. Ақтөбе облысының шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері де жүк көліктерімен шөп алып келе жатыр. Маңғыстау жұртшылығы атынан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ, Түркістан облысының әкімдігі бастаған өңір жұртшылығы мен ерікті жастарға алғыс айтамыз! Алдағы аптада Үкіметтен бөлінетін 1,9 млрд теңге маңғыстаулық шаруаларға үлестіріле бастайды.
Сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімінің бастамасымен өңірде шөп шабушыларға белгілі мөлшерде жанар-жағармаймен көмек беріледі.