
Дүниежүзілік сайлау күніне орай Бейнеу аудандық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен округтік және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, Жас сайлаушылар клубы мен аудандық оқушылар альянсының мүшелері қатысқан тағылымды кездесу өтті.
Іс-шара барысында жастарға Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесінің құрылымы, сайлау комиссияларының атқаратын міндеттері мен өкілеттіктері туралы слайд-презентация арқылы ақпарат ұсынылды.
Кездесу барысында дауыс берудің азаматтық жауапкершілік ретінде маңызы, жастардың қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуы, білімді әрі білікті ұрпақтың ел дамуына қосар үлесі кеңінен сөз болды. Округтік және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, жас буынның бастамаларына қолдау білдіріп, Жас сайлаушылар клубының қызметіне жоғары баға берді.
Шара барысында аудандық оқушылар альянсының мүшелері Жас сайлаушылар клубының қызметіне қызығушылық танытып, оның жұмысына белсенді қатысуға және алдағы уақытта мүшелікке өтуге ниет білдірді.
Шара соңында жастар тарапынан мазмұнды сұрақтар қойылып, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұсыныстар айтылды. Қойылған сұрақтарға сайлау комиссиясының мүшелері түсіндіріп, толық нақты жауаптарын берді. Кездесу жас азаматтардың саяси мәдениетін қалыптастыруға, олардың ел өміріне бейжай қарамайтын белсенді тұлға ретінде дамуына оң серпін берді.