Өрт сөндіру бекетінің жаңа ғимараты ашылды

Өрт сөндіру бекетінің жаңа ғимараты ашылды

29 қаңтар күні Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында өрт сөндіру бекетінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Аталған іс-шараға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұханов Мұрат Сейтмолдаұлы, Бейнеу ауданының әкімі Шалбаев Рахымжан Ысқақұлы, аудандық салаға жауапты басшылар, ауыл әкімі, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Аталған шарада ауыл ақсақалы, өндіріс саласының ардагері Шуақбаев Базархан сөз сөйлеп, жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ, бұл игі істің жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыс және аудан басшылығына ауыл тұрғындары атынан алғысын білдірді.

Аудан әкімі Шалбаев Рахымжан Ысқақұлы өз сөзінде: «Құрметті жерлестер, сіздерді өрт сөндіру бекетінің жаңа ғимаратының ашылуымен құттықтаймын. Бұл бекет Боранқұл ауылында 2020 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Өткен жылы жаңа ғимараттың құрылысы басталып, биыл толық аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Қазіргі таңда мұнда ауылдың 13 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл бастамалардың барлығы Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру қауіпсіздігін арттыру жөніндегі тапсырмасына және облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асуда. Былтыр ауылда жаңа спорт кешені мен ветеринариялық пункт ашылған болатын. Ауыл халқының саны артып келеді, соған сәйкес әлеуметтік нысандар да кезең-кезеңімен көбейіп жатыр. Баршаңызға амандық, зор денсаулық тілеймін», – деді.

Өз кезегінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұханов Мұрат Сейтмолдаұлы ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, бұл нысанның «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынғанын атап өтті. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде қауіпсіздік деңгейін арттырып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейту екенін жеткізді.

Сонымен қатар, мердігер мекеме — «Жібек жолы» ЖШС өкілі Тұрғанбаев Ержан Аязбайұлы ғимараттың техникалық мүмкіндіктерімен таныстырып, өрт сөндіру бекетінің командирі Өмірсерік Достановқа жаңа ғимараттың кілтін табыстады.
Ауыл ақсақалдары лентаны қиып, қатысушылар ғимараттың ішін аралап, жаңа бекеттің жұмыс жағдайымен танысты.

Боранқұл ауылында пайдалануға берілген өрт сөндіру бекетінің жаңа ғимараты — ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нысан. Бұл бекет төтенше жағдайлардың алдын алу мен жедел әрекет ету сапасын арттырып, елді мекеннің қауіпсіздігін күшейтеді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып келеді. Жаңа өрт сөндіру бекеті Боранқұл ауылы үшін ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет ететін маңызды нысан болары сөзсіз.