Ақжігіт ауылында ардагерлер мен ауыл тұрғындарының қатысуымен мазмұнды кездесу өтті

Ақжігіт ауылында ардагерлер мен ауыл тұрғындарының қатысуымен мазмұнды кездесу өтті

Ақжігіт ауылында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлетов Серікбай Құдайбергенұлы ауыл тұрғындарымен және ардагерлер қауымымен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – ардагерлер ұйымдарының атқарып отырған жұмыстары туралы кеңінен ақпарат беру, олардың қоғам өміріндегі рөлін арттыру, сондай-ақ ардагерлер мен жастар арасындағы өзара байланысты нығайту арқылы тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды күшейту болды.

Кездесуге облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, Ақтау қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Аққұлов Қаржаубай Қанжанұлы, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Азанов Шайхы Жанбайұлы, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жолышов Тұралы Ботақараұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Изкенов Еркебұлан Ермекбайұлы, сондай-ақ Ақжігіт ауылының әкімі Дүйсенбаев Айбол Бөкенбайұлы қатысты.

Кездесу барысында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Құдайбергенұлы облыстық және аудандық деңгейде ардагерлер кеңестері тарапынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, ардагерлердің жастарға патриоттық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасылық құндылықтарды нығайту, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау жолындағы еңбегін ерекше атап өтіп, жергілікті жерде қолға алынған игі бастамаларға оң бағасын берді.

Кездесу аясында ардагерлер қозғалысын дамыту, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ардагерлер мен жастар арасындағы байланысты күшейту, тәрбиелік мәні бар іс-шараларды тұрақты түрде өткізу, сондай-ақ ауыл өміріне қатысты өзекті мәселелерді бірлесе шешу жолдары кеңінен талқыланды. Бұл ретте ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі сөзінің жастар үшін маңызы зор екені айтылды.

Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің бастығы Изкенов Еркебұлан Ермекбайұлы сөз сөйлеп, мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» қағидасы аясында аудандағы қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол өз сөзінде құқық бұзушылықтың алдын алу, әсіресе жасөспірімдер арасындағы тәртіп мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін айтып, ауыл тұрғындарын бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары да өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар алдағы уақытта тиісті мекемелермен бірлесіп қарастырылатын болды.

Кездесу қорытындысында тараптар ардагерлер ұйымдары, жергілікті атқарушы органдар және құқық қорғау саласы арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіпті сақтау бағытында бірлескен жұмысты жалғастырады.