
Бейнеу ауданында Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасына қарасты №2 емхана ғимаратында «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің Үздік тәжірибе орталығы» салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне Республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы директорының орынбасары Үсенова Жания Ғалымғалиқызы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ізбасаров Бекболат Оразбайұлы, Бейнеу ауданының әкімі Шалбаев Рахымжан Ысқақұлы, мекеме және кәсіпорын басшылары, ауыл әкімдері, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен медицина қызметкерлері қатысты.
Айта кету керек, бұл орталық еліміз бойынша ашылып отырған отызыншы, ал өңірімізде екінші орталық болып табылады. Орталық Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының қолдауымен ашылып отыр. Негізгі мақсаты – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастырудың заманауи стандарттарын тиімді енгізу, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
Салтанатты шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Оразбайұлы жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, медицина қызметкерлеріне жауапты әрі абыройлы қызметтеріне табыс тіледі.
Шарада сөз сөйлеген денсаулық сақтау саласының ардагері Рахима Абитқызы медицина саласындағы оң өзгерістерге тоқталып: «Қазіргі таңда медицина саласы қарқынды дамып, адам денсаулығын жақсартуға бағытталған мүмкіндіктер күн санап артып келеді. Жиырма жыл бұрын осындай орталықтар ашылады десе, сену қиын еді. Бүгінде мұның бәрі көз алдымызда жүзеге асуда. Жаңа жыл қарсаңында ашылған бұл орталық медицина мамандарының жұмысына серпін беріп, халық денсаулығын жақсартуға үлкен үлес қосады деп сенемін. Медицина саласына қолдау көрсетіп жүрген барша азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді.
Аталған орталық алғашқы медициналық көмекті жетілдіруге, заманауи басқару тетіктерін енгізуге, озық тәжірибелерді кеңінен таратуға және медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаң болмақ. Бұл бастама тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдегі денсаулық сақтау саласының дамуына тың серпін беретініне сенім мол.