Таза Қазақстан экологиялық акциясы аясындағы «EcoLogic Quiz» интеллектуалды сайысы өтті

Таза Қазақстан экологиялық акциясы аясындағы «EcoLogic Quiz» интеллектуалды сайысы өтті

4 желтоқсан күні Бейнеу ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында мемлекеттік қызметкерлер арасында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «EcoLogic Quiz» интеллектуалды сайысы өтті. Іс-шараның мақсаты – экологиялық мәдениетті арттыру, табиғатты аялау жөніндегі білімді кеңейту, мемлекеттік қызметшілердің экологиялық ой-санасын қалыптастыру және ұжымдық ынтымақтастықты нығайту болды.

Зияткерлік додаға аудан әкімі аппараты және бөлімдерден құралған 5 команда қатысып, өздерінің экология саласындағы білімдерін, жылдамдығын және ой ұтқырлығын сынға салды.

Сайыс нәтижесінде: «Эверест» командасы жоғары ұпай жинап, 22 ұпаймен – І орынды иеленді. Команда мүшелері экология бағытындағы теориялық сұрақтар мен логикалық тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап, өзгелерден ерекшеленді. «Tabigat team» командасы жинаған 18,5 ұпайымен – ІІ орынды жеңіп алды. «Shanyraq» командасы 16 ұпаймен – ІІІ орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар, 15,5 ұпай жинаған «Әлеуметтік арена», 8,5 ұпай жинаған «Жалын» командалары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат олардың экологиялық бастамаларды қолдауға белсенді қатысқанын, командалық рух пен ынтасын көрсеткені үшін табысталды.

Мұндай интеллектуалды сайыстар аудан қызметкерлерінің экологияға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жаңа бастамалардың жүзеге асуына ықпал етеді. «EcoLogic Quiz» – Бейнеу ауданында табиғатты қорғау бағытында ұйымдастырылып отырған іс-шаралардың бір бөлігі ғана. Алда да өңірде экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған түрлі акциялар мен жобалар жалғасатын болады.