Аудан басшысы ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты

Аудан басшысы ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты

Бейнеу аудандық ауруханасын ауданаралық көпбейінді аурухана деңгейіне көтеру мақсатында басталған күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған нысандағы құрылыс барысын бақылау мақсатында аудан әкімі Шалбаев Рахымжан Ысқақұлы ауруханаға барып, атқарылып жатқан жұмыстармен егжей-тегжейлі танысты.

Қараша айында мердігер «Mir-A Construction» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары ресми түрде қолға алынған болатын. Бүгінде ғимарат ішінде қабырғаларды бұзу, қайта монтаждау және терезелерді толық ауыстыру жұмыстары атқарылып жатыр. Жаңарту жұмыстары қайтарылған активтер қаражаты есебінен жүзеге асырылып, бұл қаржының мақсатты әрі тиімді игерілуі қатаң бақылауда. Аудан әкімі құрылыс алаңын аралау барысында мердігер мекеме өкілдерімен, техникалық қадағалау мамандарымен және аурухана басшылығымен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне қатысты нақты тапсырмалар берді.

«Құрылыс жұмыстарын күшейту қажет. Қазіргі уақытта аудан тұрғындары медициналық қызмет алу үшін аурухананың филиалдарына баруға мәжбүр болып отыр. Халықты сергелдеңге салмау – басты міндет. Егер нысан уақтылы тапсырылмаса, мәселе одан әрі ушыға береді. Сондықтан құрылыс жұмыстарын сапалы, қауіпсіз және бекітілген мерзімде аяқтауды тапсырамын. Бұл нысан менің тікелей бақылауымда болады. Сонымен қатар құрылыс кезінде жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау – басты талап», — деді аудан басшысы.

Жан-жақты жаңғыртудан кейін ауруханада медициналық оңалту, травматология, ортопедия, инсульттік және кардиология бөлімдері жаңарып, заманауи талаптарға сай жабдықталады. Сондай-ақ қабылдау бөлімі жаңа триаж жүйесімен қамтамасыз етіліп, пациенттерді сұрыптау мен қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсарады. Медициналық мекемені жаңарту аудандағы денсаулық сақтау сапасын біршама арттырып, тұрғындарға жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші тоқсанында толық аяқтау жоспарланған.