Тәжен ауылында медициналық пункт ашылды

Тәжен ауылында медициналық пункт ашылды

25 қазан – Республика күні қарсаңында Бейнеу ауданының Тәжен ауылында жаңа медициналық пункт ашылды. Ашылу рәсіміне аудан әкімі Шалбаев Рахымжан Ысқақұлы, аудандық мәслихат төрағасы Бораш Ардақ Рәббімұлы және ауыл тұрғындары қатысты. Шара барысында аудан басшысы Рахымжан Шалбаев пен ауыл ақсақалы Сабихан Есқайыров сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– «Құрметті жерлестер, баршаңызды алда келе жатқан 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Облыс орталығынан шалғайда, шекара маңында орналасқан Тәжен ауылында медициналық пункттің ашылуы – тұрғындар үшін қуанышты жаңалық. Бұған дейін медициналық қызмет Ақжігіт дәрігерлік амбулаториясының құрамында көрсетіліп келген болса, енді тұрғындар өз ауылында заманауи талаптарға сай медициналық көмек ала алады. Бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №962 қаулысы негізінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынды. Әрине, медицина нысанының ашылғаны қуантады, бірақ ең бастысы – шақыртулар аз, халықтың дені сау болсын», – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде ауыл ақсақалы игі жұмыстардың басында жүрген аудан және облыс басшылығына ризашлығын білдіріп, жаңа ғимараттың лентасын қиды. Жаңа медициналық пункт заманауи құрылғылармен жабдықталып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған. Мұнда екі медицина қызметкері еңбек етеді.