Аудан әкімі Маңғыстау барысының жеңімпаздарына сәттілік тіледі

Аудан әкімі Маңғыстау барысының жеңімпаздарына сәттілік тіледі

Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Ысқақұлы Шалбаев «Маңғыстау барысы – 2025» турнирінің жеңімпазы және күміс жүлдегерін «Қазақстан барысы» республикалық сайысына салтанатты түрде шығарып салды.

Айта кетсек, 18 қазан күні Астана қаласында өтетін бұл дәстүрлі дүбірлі додада еліміздің әр өңірінен келген ең мықты балуандар белдесетін болады. Биыл Маңғыстау облысының намысын облыстық кезеңнің жеңімпазы Нұрдәулет Жарылғапов (Қара Бура) пен күміс жүлдегері Нұрсултан Папау (Ер Бегей) қорғайды. Екі палуан да Бейнеу ауданынан шығып, өңір абыройын талай жарыстарда асқақтатып жүрген дарынды спортшылар.

Салтанатты шарада ауданның ақсақалдары баталарын беріп, ел үмітін арқалап бара жатқан жігіттерге ақ жол тіледі. Олар спортшылардың қайсар рухы мен төзімді еңбегі жастарға үлгі екенін атап өтті. Өз кезегінде аудан әкімі Рахымжан Ысқақұлы палуандардың табандылығын ерекше атап өтіп, берекелі Бейнеудің батыр ұлдары ел намысын биік деңгейде қорғап шығарына сенім білдірді. – «Біздің палуандарымыз — ауданның ғана емес, күллі Маңғыстаудың мақтанышы. Сіздерге сәттілік тілеймін! «Қазақстан барысы» боз кілемінде қажыр-қайраттарыңыз бен шеберліктеріңіз арқылы ауданымыздың абыройын тағы бір мәрте арттырасыздар деп сенемін», – деді аудан басшысы.

Шара соңында естелік суретке түсіп, спортшыларға аудан әкімдігі атынан сый-құрмет көрсетілді.