Аудан әкімі Бейнеу ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты

Аудан әкімі Бейнеу ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты

Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Ысқақұлы Шалбаев Бейнеу ауылындағы бірқатар маңызды әлеуметтік нысандарды аралап, олардың құрылыс жұмыстарының жай-күйін көзбен көріп, жауапты мердігер мекемелердің өкілдерімен кездесті. Аудан басшысы құрылыс сапасына, мердігерлердің жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауына және жобалардың ауыл тұрғындары үшін  тиімді қызмет керек екенін атап өтті.

Аудан басшысы аудандық білім бөліміне қарасты «Балдырған» бөбекжайында  болды.  Бұл мекемеде қазіргі таңда күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мердігер «Нұржол-құрылыс» ЖШС мекемесі ішкі жұмыстарына кірісіп, инженерлік жүйелерді орнату, еден, қабырға және төбе жабындарын жаңалау жұмыстарын атқаруда. Құрылыс жұмыстары қазан айында толықтай аяқталуы тиіс. Аудан әкімі нысанды аралау барысында бөбекжайдың білім беру стандарттарына сай болуы, қауіпсіздік талаптарының толық сақталуы және жұмыстың сапалы орындалуы қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға мерзімнен кешіктірмеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Одан кейін аудан әкімі орталық саябаққа барып, ондағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Саябақ – ауыл тұрғындарының мәдени демалыс орны ғана емес, көпшілік іс-шаралар өтетін маңызды орын. Сондықтан аудан басшысы ауыл әкіміне абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу, жасыл желектерді күтіп-баптау, жарықтандыруды күшейту жөнінде тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, аудан басшысы Бейнеу ауылында салынып жатқан 50 орындық  жаңа  кітапхана ғимараты болды. Бұл – ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды жоба. Мердігер «СМК-Атамекен» мекемесі құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы құрылысы толық аяқталған, ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда оқу залдары, кітап қорын сақтау бөлмелері, балаларға арналған арнайы оқу аймақтары, заманауи жабдықталған бөлмелер қарастырылған. Құрылыс нысанын қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Аудан әкімі Рахымжан Шалбаев әлеуметтік нысандардың уақтылы және сапалы аяқталуы – тек мердігерлердің ғана емес, жергілікті билік пен жауапты бөлімдердің де ортақ міндеті екенін атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, балаларымыздың білім мен тәрбие алуына, ауыл тұрғындарының мәдени қажеттіліктерін өтеуге толық мүмкіндік беру. Сол үшін әр жоба сапалы әрі уақытында аяқталуы тиіс» – деді аудан басшысы.