Үстеме жұмысқа тартылған мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары қалпына келтірілді

Үстеме жұмысқа тартылған мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары қалпына келтірілді

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңында және Еңбек кодексінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты мен еңбек қатынастары нақты регламенттелген. Еңбек кодексінің 77-бабына сәйкес, үстеме жұмыс – бұл жұмыс берушінің бастамасымен қызметкердің жұмыс уақытының нормасынан тыс уақытта атқаратын жұмысы. Мұндай жұмысқа тарту тек қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылуы тиіс. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 9,10-баптарында  мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Олардың қатарында демалысқа, бос уақытқа және еңбекақыға қатысты әділетті жағдайларға ие болу құқығы бар. Қызметкерді жүйелі түрде жұмыс уақытынан тыс тарту – олардың демалу құқығын бұзу болып саналады.

Үстеме жұмысқа тартудың, негізгі шарттары бойынша мемлекеттік қызметшіні үстеме жұмысқа тарту үшін келесі талаптар сақталуы тиіс: қызметкердің келісімі (жазбаша түрде), басшының бұйрығы мен жұмыстың нақты мерзімі мен сипаты, Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес үстеме жұмыс үшін қосымша ақы төленуі немесе қосымша демалыс берілуі тиіс.

Сондай-ақ, үстеме жұмысқа тартудың  тыйым салынатын жағдайлары да бекітілген. Еңбек заңнамасы келесі жағдайларда үстеме жұмысқа тартуға тыйым салады: 18 жасқа толмаған тұлғалар, жүкті әйелдер, медицина қорытындысы бойынша денсаулығына байланысты шектеуі бар тұлғалар.

Кейбір ұйымдарда кадр тапшылығы, жүктеменің тең бөлінбеуі сияқты себептермен қызметкерлерді демалыс және жұмыс уақытынан тыс үстеме жұмыс жасауға тарту фактілері кездеседі. Мұндай жағдайда қызметкердің еркі мен құқықтары ескерілмесе, бұл құқық бұзушылық болып есептеледі және тиісті бақылаушы органдар арқылы шағым жасауға негіз болады. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторингті жүргізуге уәкілетті орган Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық бөлімшелері болып табылады. 

Мониторинг жұмыстары мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторинг жүргізу Қағидаларының талабына сәйкес, кіруді басқару және бақылау жүйесінің «Е-қызмет» ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылуы бойынша қашықтықтан және бару арқылы жүзеге асырылады. 

Аумақтық департаментпен, жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша мемлекеттік органдарға бару арқылы мониторинг жүргізудің 2025 жылға арналған жоспарда 34 мемлекеттік органдарға бару арқылы мониторинг жүргізілетіндігі ескертіліп, хат жолданды.

2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша аталған бағытта аумақтық Департаментпен 34 мониторинг жұмыстары жүргізілген. Олардың арасында бару арқылы жүргізілген мониторингпен қамтылған 13 мемлекеттік орган болса, қашықтықтан жүргізілген мониторингпен қамтылған мемлекеттік органдардың саны – 21.

Ескертпелерге қарамастан, бару арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде 9 құқықбұзушылық анықталса, қашықтықтан жүргізілген мониторингпен 113 құқықбұзушылық анықталды. 

Жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде барлығы 122 құқықбұзушылық анықталып, 115 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді. Құқықтарын қалпына келтіру бағытында 115 мемлекеттік қызметшіге 609 сағат тынығу сағаттары белгіленді.

Сондай-ақ, 2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет саласын бақылау бағытында жүзеге асырылатын жоспарлы тексеру жұмыстары кезінде мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына қатысты 10 құқықбұзушылық анықталды. Бұл бойынша құқықтарын қалпына келтіру бағытында 10 мемлекеттік қызметшіге 27 сағат 15 минут тынығу сағаттары белгіленді.  

Мемлекеттік қызметшінің жұмыс уақыты мен демалыс құқығы – заңмен қорғалатын еңбек құқығының маңызды элементі. Сондықтан үстеме жұмысқа тарту – заңмен нақты реттелуі тиіс процесс. Жұмыс беруші де, қызметкер де өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білуі қажет. Құқықтық мәдениетті арттыру және заң талаптарын сақтау – мемлекеттік қызмет жүйесіндегі тиімділікті арттырудың маңызды кепілі болып табылады.

 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Т.Жұмағұлов