Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев жеке қабылдау барысында көтерілген мәселелердің негізінде Бейнеу ауылының бірқатар көшелерін арнайы аралап шықты. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан айтылған маңызды мәселелердің бірі — көппәтерлі тұрғын үйлердің жай-күйі мен қоқыс қалдықтарының уақтылы шығарылмауы болды.
Аудан басшысы көше аралау барысында тұрғын үйлердің ауласындағы қоқыс тастайтын орындарды көзбен көріп, жағдаймен танысты. Тұрғындардың шағымы орынды екенін атап өткен әкім, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, тазалықты сақтау, қоқыстың уақытылы шығарылуын қамтамасыз ету секілді мәселелер бойынша тиісті мекемелерге шұғыл түрде шара қабылдау қажет екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Рахымжан Шалбаев ауылдағы қоқыс мәселесін бір күнде шешу мүмкін еместігін, бұл – жүйелі жұмыс пен тұрғындардың өз тарапынан жауапкершілігі мен қолдауын қажет ететін күрделі мәселе екенін атап өтті. Халықтың тұрмыстық мәдениетін арттыру, тазалыққа деген көзқарасты өзгерту – баршаға ортақ міндет екенін алға тартты.
Аудан әкімі жергілікті тұрғындарды белсенділік танытып, ауылды бірге таза ұстауға шақырды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын тауып, аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.