Аудан әкімі Боранқұл ауылына жұмыс сапарымен барды

Аудан әкімі Боранқұл ауылына жұмыс сапарымен барды

Аудан әкімі Рахымжан Шалбаев жұмыс сапарымен Боранқұл ауылына барып, бірқатар маңызды әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Сапар барысында аудан басшысы ең алдымен апатты жағдайда деп танылған көппәтерлі тұрғын үйге барып, ғимараттың техникалық жағдайын көзбен көріп, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалымен танысты.

Тұрғындармен кездесуде аудан әкімі мәселелерін тыңдап, нақты сұрақтар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиналған ұсыныс-пікірлер назарға алынып, тиісті жауапты мекемелерге жолданатынын атап өтті. Осы орайда, ауыл әкіміне тұрғындар көтерген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді. Рахымжан Ысқақұлы тұрғын үй мәселесіне қатысты ахуалды облыс басшылығына ресми түрде жолдап, жоғары тұрған құзырлы органдармен бірлесіп шешу бағытында жұмыс жүргізілетінін айтты.

Жұмыс сапары аясында аудан әкімі ауылда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен де танысты. Құрылыс нысанының қазіргі уақытта 95 пайызға жуық бөлігі аяқталған. Бұл кешен – ауыл жастары мен тұрғындары үшін спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.

Мердігер ұйым өкілдерімен кездесуде аудан басшысы нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Құрылыс жұмыстарының сапасын мұқият қадағалап, кемшіліктерге жол бермеу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, аудандық құрылыс бөліміне кешенді қабылдау барысында егжей-тегжейлі техникалық зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Жоспарға сәйкес, дене шынықтыру-сауықтыру кешені 2025 жылғы қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Аудан әкімінің бұл сапары ауыл тұрғындары үшін маңызды мәселелерді шешуге бағытталған нақты қадамдармен ерекшеленіп отыр. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй жағдайын жақсарту және жастардың спорттық мүмкіндіктерін кеңейту – аудан басшылығының басты басымдықтарының бірі болып қала береді.