Бейнеу аудандық мәдениет үйінде «Берекенің бастауы болған Бейнеуге – мұнайлы Жаңаөзеннен!» атты өнерпаздар концерті ұйымдастырылды.
Жаңаөзен қаласынан арнайы барған өнер делегациясын бейнеуліктер ыстық ықыласпен қарсы алды. Концерт шымылдығын халықтық «Домбыра сазы» фольклорлық ансамблі орындаған күй «Ақ ілме» ашты.
Жанар Нұрмұханованың орындауындағы «Сәлем, Қазақстан!», «Қыз дәурен» әндері, Дәмегүл Ізбасарованың әуелете салған халық әндері көрермендерді ерекше сезімге бөлеп, қазақ өнерінің биік рухын паш етті.
Кеш барысында ұлттық би өнері де кеңінен насихатталды. «Аяла», «Інжу», «Гүлдәурен» би ансамбльдері мен жеке биші Ақбота Мазиеваның орындауындағы билер ұлттық нақышпен әрленіп, сахнаға көрік берді. Күй тартып, сыр шерткен Әзірбай Өскінбаевтың «Бұл-бұл Ақжелеңі» мен «Серпер» ансамблінің күй поппурилері күйсүйер қауымды тәнті етті. Концерттің екінші бөлімі заманауи әуендермен жалғасын тапты.
Жаңаөзендік әншілер Нұрлан Мұрынов, Қайрат Хосшанов, Алтын Сағындықова, Құбаш Сәт, Гүлзада Төлебаева, Нұрбай Атамұрат, Санжар Қуантұр, Алихан Берниязов, Бекзат Демекханов және «Керуен» тобының орындауындағы әр түрлі бағыттағы әндер тыңдарман көңілінен шықты.
Кеш соңында сахна төріне көтерілген Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов қала әкімінің атынан аудан халқына алғысын айтып, аудан әкімдігіне арнайы сыйлығын ұсынды.
Бейнеу ауданы әкімінің атынан аудан әкімі орынбасары Қанағат Назарханов Жаңаөзен қаласының делегациясына ризашылығын білдіріп, сыйлығын табыстады және мәдениет саласын бастап барған Бейнеу ауданының тумасы, Жаңаөзен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлайым Азанға ауданның «Құрмет грамотасын» табыстады.