«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы Тұрыш ауылына тоқтайды. Тегін дәрігерлік және заңгерлік көмек көрсететін пойыз 22 мамыр күні сағат 9:00-18:00 аралығында тұрғындарды қабылдап бастайды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Маршрут екінші жыл қатарынан еліміздің батыс өңірлерінен басталады. Өткен жылы алғаш болып су тасқынынан қатты зардап шеккен ауылдардың тұрғындары дәрігерлерден көмек алған болатын.
Тұрыш ауылында «рельстегі емхана» бір күн бойы жұмыс істеп, алғашқы пациенттерді қабылдайды. Дәрігерлермен қатар, заңгерлер мен медиаторлар да ауыл тұрғындарына көмек көрсетеді: еңбек дауларын шешуге, әлеуметтік төлемдерге өтініш беруге, сот істері бойынша кеңес беруге және заңнама нормаларын түсіндіруге қол ұшын созады.
Пойыз 123 ауыл мен станцияға аялдағанымен, мамандар көмегіне жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары да жиі жүгінеді. Алты ай ішінде дәрігерлер мен заңгерлер 90 мыңнан астам адамды қабылдайды. Олардың барлығы стационарлық емханасы жоқ ауылдарда тұрады.
Қабылдауды 30 жоғары білікті дәрігер жүргізеді. Олардың қатарында: терапевт, хирург-травматолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, оториноларинголог, невропатолог, педиатр, акушер-гинеколог, офтальмолог, уролог, стоматолог-терапевт, рентгенолог, функционалды диагностика дәрігері және психолог бар.
Консультациядан бөлек, тұрғындар қан талдауы, флюорография, УДЗ, гастроэнтероскопия, ЭКГ және басқа да лабораториялық және аспаптық тексерулерден өте алады. Қажет болған жағдайда мамандар шағын хирургиялық операциялар да жасайды. Пойыз заманауи медициналық жабдықтармен толық жабдықталған және барлық санитарлық талаптарға сай.
Жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы серіктестік аясында жүзеге асырылуда.
Тек өткен жылдың өзінде пойыз дәрігерлері 104 250 тұрғынға көмек көрсетті. 2010 жылдан бері барлығы 763 657 адам тексеруден өтті, олардың әр бесіншісі – бала. Барлығы 36 589 ота жасалған.
Медициналық пойыздың өзекті қозғалыс кестесі: www.medpoezd.kz сайтында жарияланған.