Атырауда сайлау комиссияларының мүшелері марапатталды

Атырауда сайлау комиссияларының мүшелері марапатталды

Атырау қалалық әкімдігінің мәжіліс залында 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттары сайлауын өз дәрежесінде өткізіп, ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шарада қала әкімі Шәкір Кейкин сайлаудың ашық әрі әділ өткенін атап өтті.

– Атырау қаласында 137 сайлау учаскесі жұмыс істеп, саяси науқан жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әрбір азаматтың емін-еркін дауыс беруіне барлық жағдай жасалды. Ең бастысы – заң талаптарына қайшы келетін бірде-бір құқықбұзушылық тіркелген жоқ. «Саусақ бірікпесе, ине ілікпейді» дейді дана халқымыз. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, маңызды науқанның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болғандарыңыз үшін шынайы алғысымды айтамын. Алдағы уақытта да мемлекетіміздің дамуына жемісті еңбек ететіндеріңізге сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деп шаһар басшысы бірқатар белсенді комиссия мүшелеріне Алғыс хаттар мен гүл шоқтарын ұсынды.

Өз кезегінде марапат иелері көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін жеткізді. Өнерпаздар әсерлі әндерін шырқап, салтанатты шараның шырайын келтірді.