Атырауда «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері анықталды

Атырауда «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері анықталды

Абай орталығында отбасы құндылықтарын дәріптеп, өнегелі шаңырақтарды ұлықтауға бағытталған «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытыланды. Салтанатты марапаттау рәсімінде қала әкімі Шәкір Кейкин қатысушы отбасыларды құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«Отбасы – адам өміріндегі ең басты қазына. Халқымызда «Отан – отбасынан басталады», “Ел болам десең, бесігіңді түзе” деген дана сөз бар. Атырау қаласында отбасы институтын нығайтуға, қазақи құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән беріліп келеді. «Мерейлі отбасы» байқауы – осы игі мақсаттарды жүзеге асыруға ықпал етіп келе жатқан тағылымды бастамалардың бірі. Биыл байқау қаламызда он екінші рет ұйымдастырылып отыр. Қалалық кезеңге қатысуға ниет білдірген отбасылардың арасынан барлық талаптарға сай құжаттарын толық тапсырған 9 отбасы іріктеліп, бақ сынады. Әр отбасының өзіндік өнегесі, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі бар. Шаңырақтарыңызға құт-береке, дендеріңізге саулық, әр істеріңізге сәттілік тілеймін!» – деді қала әкімі.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі III орынды Төремұратовтар отбасы қанжығасына байласа, II орын Бисенбаевтар отбасына бұйырды. Ал, I орынды Сралиевтер отбасы иеленіп, байқаудың жеңімпазы атанды. Шаһар басшысы қатысушы және жүлделі орындарға ие болған отбасыларға арнайы марапаттар мен қаржылай сыйлықтар табыстады.

Отбасылар өздерінің жарасымды ғұмырымен, бала тәрбиесіне деген жауапкершілігімен, еңбегімен және ұлттық құндылықтарға деген құрметімен ерекшеленді. Тағылымды шара жергілікті өнерпаздардың қатысуымен болған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.