Атырау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Шәкір Кейкин Спорт күніне орай қала спортшыларымен, төрешілермен және бапкерлермен кездесті. Мерекелік шараға қала әкімінің орынбасары Ердос Ғаниұлы және дербес бөлім басшысы Нұрбек Қырғиұлы қатысты.
Кездесу барысында шаһар басшысы спорттың адам өміріндегі және қоғамдағы маңызына тоқталып, сала шеберлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Мұнайлы астанамызда бұқаралық, балалар және жоғары жетістіктер спортының дамуына ерекше мән беріліп келеді. Облыс басшылығының қолдауымен спорт саласының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қалада және ауылдық округтерде жаңа спорт нысандары пайдалануға берілді. Соңғы үш жылда 29 кіші аяқ добы алаңы, 11 спорт алаңы салынды. Бүгінде 12 мың орындық стадион, көпсалалы «Атырау-Арена» спорт кешені және өзге де нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жақында әлем чемпионатында тарихи жеңіске жеткен параволейбол құрамасы сапындағы спортшылардың басым бөлігінің Атырау қаласынан шығуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Алдағы уақытта да еліміздің көк байрағын биік белестерде желбіретер мықты спортшыларымыздың қатары арта беретініне сенімдімін, – деп ақ тілегін арнаған Шәкір Кейкінұлы сала үздіктеріне Алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыстады.
Марапат иелері көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, спорт саласында атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Мерекелік шараны өнерпаздар әуезді әндерімен әрлеп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.