Атырау қалалық әкімдігінде аппараттық мәжіліс өтті

Атырау қалалық әкімдігінде аппараттық мәжіліс өтті

Атырау қалалық әкімдігінде қала әкімі Шәкір Кейкиннің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімі аппаратының басшысы, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, дербес бөлімдер мен қала әкімі аппаратының бөлім басшылары, сондай-ақ коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты.

Аппараттық мәжіліс барысында қала әкімі кадрлық тағайындауларды таныстырды. Атырау қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалған Асхат Нұрманов және Полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Талғат Сисенғалидың жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі.

Жиында қала тұрғындарын алаңдататын бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Күн тәртібінде қалалық инфрақұрылымды дамыту, бюджеттік қаржының игерілу барысы, коммуналдық қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру, жол құрылысы жобаларының орындалуы және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды.

Сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық, санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау және қала аумағының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Шаһар басшысы жауапты сала басшыларына бірқатар нақты міндет жүктеп, белгіленген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.