Мемлекеттік қызметшілерге «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы түсіндірілді

Мемлекеттік қызметшілерге «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы түсіндірілді

Атырау қаласы әкімдігінде қала әкімі Шәкір Кейкиннің және мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңдағы өзгерістер мен негізгі құндылықтарды түсіндіруге арналған жиын өтті.

Жиын барысында шаһар басшысы Шәкір Кейкин мемлекеттік қызметшілер үшін заң талаптарын, қызметтік әдеп нормаларын және мемлекеттік қызметтің негізгі құндылықтарын білу аса маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрлан Еркебаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның негізгі талаптарына тоқталып, мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібіндегі өзгерістер, қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, моральдық жауапкершілік, ар-намыс және қоғамдағы мінез-құлық нормалары жөнінде түсінік берді. Сондай-ақ мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған жаңашылдықтар таныстырылды.

Ал Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров Конституцияның қоғам мен мемлекет өміріндегі айрықша рөліне тоқталды. Ол негізгі қағидаттарды халық арасында кеңінен насихаттаудың, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттырудың маңыздылығын айтты. Сонымен қатар Академияға оқуға түсу мүмкіндіктері мен қойылатын талаптар туралы ақпарат берді.

Кездесу соңында мемлекеттік қызметшілер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті түсініктемелер алды.