Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мен Атырау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Атырау қаласында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге 28 мемлекеттік мекеме, кәсіпорын және ұйым қатысып, өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Шара барысында келушілер жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, өз мамандықтарына сәйкес қызмет мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, жұмысқа орналасу бойынша кеңес алды.
Аталған жәрмеңке аясында мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі де кеңінен түсіндірілді. Жауапты қызметкерлер мемлекеттік қызметке қабылдау “Е-қызмет” порталы арқылы жүзеге асырылатынын, барлық бос мемлекеттік лауазымдар осы порталға жарияланатынын айтты. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіру үшін конкурсқа қатысу, заңнамаға сәйкес сертификаттың болуы жөнінде тұрғындарға жан-жақты ақпарат берілді.
Қазір Атырау қаласы бойынша 7704 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Осыған байланысты мұндай жәрмеңкелер еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді ұштастырып, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Жәрмеңкеге 300-ге жуық тұрғын қатысып, ұсынылған бос жұмыс орындарына қызығушылық танытты.
Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.