Абай орталығында Атырау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен балық шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты мерекелік шара өтті.
Жиында Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев шаһар басшысы Шәкір Кейкінұлының атынан сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Каспий теңізі мен Жайық өзені – ата-бабадан аманат болып жеткен баға жетпес қазынамыз, өңірдің берекесі мен ырысының бастауы. Осы қос алып су айдыны ғасырлар бойы елдің несібесін еселеп, мыңдаған отбасының нәпақасына айналды. Бүгінде Атырау қаласында аталған сала тұрақты дамып, өңір экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Балық қорын молайту, өнімін шет мемлекеттерге экспорттау, кәсіпшілік және тауарлы балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл жетістіктердің барлығы салада аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Баршаңызға шынайы ризашылығымызды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді Айбек Сарсенбайұлы.
Мерекелік жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және балық шаруашылығының өркендеуіне қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар сала мамандары Атырау қаласы әкімінің, Атырау қалалық мәслихатының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты шарада сала ардагерлеріне арнайы сый-сияпаттар табысталып, олардың көп жылдық еңбегіне ерекше құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, мереке аясында ұйымдастырылған балық өнімдерінің жәрмеңкесінде жергілікті кәсіпорындар өз өнімдерін тиімді бағада ұсынды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, сахнада жергілікті өнерпаздармен қатар, эстрада жұлдызы Ғазизхан Шекербеков өнер көрсетті. Сондай-ақ, атаулы күн аясында ұйымдастырылған балық өнімдерінің жәрмеңкесінде жергілікті кәсіпорындар өз өнімдерін тиімді бағада ұсынды. Сала қызметкерлері спорттық жарыстарда бақ сынап, жеңімпаздар арнайы марапатталды.