Атырауда көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар табысталды

Атырауда көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар табысталды

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 29 мамырдағы №1295 Жарлығына сәйкес, Атырау қаласы бойынша 65 көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларына ие болды.

Атырау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында өткен салтанатты жиында мемлекеттік наградаларды Атырау қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев табыстап, аналарды қала әкімі Шәкір Кейкінұлының атынан құттықтады.

– Құрметті аналар! Бүгін – баршамыз үшін ерекше күн. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетіліп отырған қолдау мен құрмет – сіздердің қоғамдағы айрықша орындарыңыздың айқын көрінісі. Сіздер өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беріп, еліміздің демографиялық өсіміне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Ұл-қыздарыңыз тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатар адал да білімді азаматтар боларына сенімім мол. Отбасыларыңызға құт-береке, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Мемлекеттік марапат мерейлеріңізді асырып, қуаныштарыңызды еселей берсін! – деді Айбек Сарсенбайұлы.

Салтанатты шара барысында көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалармен қатар гүл шоқтары табысталды.

Шара көркін өнерпаздардың ән шашуы аша түсті. Өнер көрсеткендердің қатарында бүгін «Күміс алқа» иегері атанған көпбалалы ана Ардақ Дүзелбайқызы да болды. Ол өз өнерімен аналардың тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның белсенді әрі шығармашыл мүшесі екенін дәлелдеді.

Марапатталған аналар өздеріне көрсетілген ерекше құрмет үшін зор ризашылықтарын білдірді.