Атырау қаласы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тілек Махуовтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров, қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев, қала әкімі аппараты бөлімдері мен дербес бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері және коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты.
Мәжіліс басында жаңадан тағайындалған Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жаслан Қамзаев, Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Хайноллаев және Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асан Қуанышкереев таныстырылды.
Күн тәртібінде коммуналдық мекемелердің жұмысы тыңдалып, қаладағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиында қала аумағындағы масаға қарсы дезинсекциялық жұмыстардың жүргізілуі, жаңбыр суын сорып шығару, көшелер мен арық жүйелерін тазалау, арамшөптерді шабу және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Коммуналдық қызметтердің тәулік бойы жұмыс істеуі және тұрғындардан келіп түскен өтініштердің жедел орындалуы тапсырылды.
Аппараттық мәжілісте жағажайлардың шомылу маусымына дайындығы, өрт қауіпсіздігі, алдағы жылыту маусымына дайындық, жол құрылысы жобаларының орындалуы, инфрақұрылым нысандарын теңгерімге қабылдау, аулаларды абаттандыру, көгалдандыру және өзге де маңызды жұмыстарының орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ заңсыз сауда мен рұқсатсыз қызмет көрсету фактілерінің алдын алу бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Жиын қорытындысында Тілек Алдабергенұлы барлық жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына берілген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етіп, тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.