Атырау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Шәкір Кейкиннің төрағалығымен маса улау жұмыстары бойынша арнайы жиын өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мердігер мекеме өкілдері, ғалымдар мен сала мамандары қатысты.
Шаһар басшысы Шәкір Кейкінұлы:
– Тұрғындар кешкі уақытта демалыс орындарында, жағалау аумағында масаның көптігінен серуендеу мүмкін болмай отырғанын айтып, жиі шағымдануда. Бұл мәселе бойынша бірнеше рет жиын өткіздік. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде келісімшарт жасалған «AG Desinfection Services» ЖШС 1 мамырдан бастап қала аумағында дезинсекциялық жұмыстар жүргізіп келеді. Қосымша мекемелермен де ақылдасып жатырмыз. Өткен жылы бұл жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып, тұрғындардан айтарлықтай шағым түскен жоқ. Сондықтан нақты себептерін анықтап, жұмысты жетілдіру мақсатында бүгін арнайы бас қосып отырмыз, – деді.
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жасұлан Хамзаев қазір жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын, биологиялық препараттар қажетті мөлшерден де артық қолданылып жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ ZOOM платформасы арқылы қосылған «Желдордезинфекция-Павлодар» ЖШС Ғылыми бөлімінің басшысы, биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметов масаға қарсы күрес бағытындағы ғылыми тәжірибелерімен және ұсыныстарымен бөлісті.
Өз кезегінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары Гүлнар Сапарова мен Эльмира Адиетова масаның бекіре және басқа да сүйекті балықтардың негізгі қоректерінің бірі екенін атап өтіп, табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.
Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты бөлімдер мен мердігер мекемеге дезинсекциялық жұмыстарды күшейтуді, олардың тиімділігіне жан-жақты талдау жүргізуді және қолданыстағы іс-шаралар жоспарын қайта қарауды тапсырды.