Мемлекеттік қызметшілер күні атап өтілді

Мемлекеттік қызметшілер күні атап өтілді

Абай орталығында 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты шара өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимны орындалып, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас маман ант қабылдап, ел игілігі жолында адал қызмет етуге серт берді.

Салтанатты жиында қала әкімі Шәкір Кейкин құттықтау сөз сөйлеп, халыққа сапалы қызмет көрсетудің маңыздылығына айрықша тоқталды.

«Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы, халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан бұл салада кәсіби біліктілікпен қатар, адалдық, әділдік, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттер әрдайым биік тұруы тиіс. Қала әкімдігінің жүйесінде бүгінде 234 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Жыл басынан бері түрлі лауазымдарға 25 азамат тағайындалса, оның 9-ы басшылық қызметтерге келді. Сондай-ақ 4 қызметкер мансаптық өсу жолымен жоғары лауазымға тағайындалды. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің арқасында мұнайлы астанамыз күннен-күнге көркейіп, қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта да ел мүддесі жолындағы қажырлы еңбектеріңіз жемісті болсын», – деді Шәкір Кейкінұлы.

Мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің және қала әкімінің, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің Алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге әсем ән мен би ұсынылды. Салтанатты шара мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыруға, халық игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеуге арналды.