Абай орталығында үздік мектеп түлектері – «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау шарасы өтті. Салтанатты жиынға Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қатысып, мектеп бітіруші түлектерді, ұстаздар мен ата-аналарды білім жолындағы маңызды жетістіктерімен құттықтады.
– Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгінде Атырау қаласында білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жаңа мектептер салынып, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып келеді. Ұстаздардың табанды еңбегі мен ата-аналардың қамқорлығының арқасында бүгінгі жас буын үлкен белестерді бағындырып отыр. Сіздерге зор денсаулық, мол табыс және жарқын болашақ тілеймін. Білім мен ғылым жолындағы ізденістеріңіз ешқашан тоқтамасын. Еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын абыройлы азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін, – деді қала әкімі.
Ақжолтай тілегін арнаған шаһар басшысы үздік көрсеткіштерімен дараланған түлектерге «Алтын белгі» төсбелгілерін табыстады. Марапаттау рәсімін Атырау қалалық мәслихатының төрағасы Ақылбек Құлбарақов жалғастырды.
Салтанатты шара өнерпаздардың әсем әндерімен әрленіп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Айта кетейік, биыл Атырау қаласында 3217 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 52 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 113 оқушы үздік аттестатқа ие болды. Сонымен қатар, қала мектептеріндегі білім сапасының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға өсті.